«Тобылдың» бұрынғы бас бапкері Марек Зуб литвалық «Жальгирис» командасының тізгінін ұстады, деп хабарлайды Prosports.kz cайты.

- Соңғы жарты жылды 54 жастағы маман қазақтың «Тобылында» (Қостанай) өткізді. Екінші орынға жетуге мүлдем мүмкіндігі қалмаған команданы тізгіндеген Марек Зуб чемпионатты үшіші сатыда аяқтады. Алайда онымен келісімшартты созбады, - деп жазады литвалық 2×45 басылымы.

Поляк маманы қостанайлық клубтың тізгінін биыл тамызда ұстаған болатын. «Тобылдың» тізгінде Марек Зуб Қазақстан Премьер-лигасында үшінші орын алып, келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. Алайда «Тобыл» клубының басшылығы Марек Зубпен келісімшарттың мерзімі ұзартпады.

Оның орнына келесі маусымда «Тобылды» ресейлік маман Владимир Газзаев баптайтын болды. Қостанайлық клубпен келісімшарт Түркияда өтетін алғашқы оқу-жаттығу жиынында жасалды.

Естеріңізде болса, Владимир Газзаев 2014 жылы «Ақтөбе» командасымен Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдесін иеленіп, ел кубогының финалына шыққан болатын. Ресейлік маман соңғы уақытта мәскеулік «Локомотивте» кеңесші-бапкер қызметін атқарған.