Еуропаның алпауыт клубтарында темірдей тәртіп алаң сыртында да сақталады. Егер футболшы келеңсіз жағдайға тап болса, оның атақ-даңқы мен абырой-беделіне қарамайды.

«Бавария» жартылай қорғаушы Франк Рибериге әлеуметтік желідегі жазбасы үшін айыппұл салды. Француз жігіті қысқы демалысты Дубайда өткізіп, қымбат мейрамханалардың бірінен ас ішіп отырған сурет салыпты. Кейін бұл суретке пікір айтқан жанкүйерлердің бірі футболшымен айтысып қалады.

Рибери де сөзге ерік беріп, әлгіні әбден сыбап алса керек. «Бавария» клубы футболшының бұл іс-әрекетін айыптап, оны тәртіпке шақырып әрі ақшалай айыппұл салды. Қазір мюнхендік команда Катар астанасы Дохада оқу-жаттығуда жүр.