Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Денис Улановқа 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды, деп хабарлайды Olympic.kz сайтына сілтеме жасаған Prosports.kz

Дениске Олимпиада жүлдесі екі жылдан кейін бұйырды. Улановқа Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның өзі қола жүлдені тапсырды.

Риодағы Олимпиада ойындарында Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреген болатын.

Кейін Синкарянның Олимпиада ойындарында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталды. Румын атлеті спорттан шеттетіліп, оның Олимпиададағы көрсеткіші жоққа шықты. Осылайша, қола медаль ресми түрде Денис Улановқа табысталды.