Бүгінгі кейіпкеріміз - қазақстандық бодибилдингтің бетке ұстар өкілі, фитнес-жаттықтырушы Акбар Жармағамбетов. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, жақында ғана Азия чемпионы атанған Акбармен болған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

— Спортпен қай уақыттан бері айналысасыз?

Ата-анамның қалауымен 11 жасымнан бастап дзюдоға қатысқанмын. Бала кезімде әлсіз бала болдым, үнемі ауырып қала беретінмін. Сол үшін де, спортпен айналысуға ден қойдым. Бір күнде 3-4 секцияға қатысып та жүрдім. Дзюдодан кейін еркін күрес, баскетболмен айналыстым. Сол кездегі танымал би түрі – брэйк-данспен жеті жылдай шұғылдандым. Өзім топ ашып, өнер көрсетіп жүрдік. Бұл би түрімен айналысқаныма өкінбеймін де, себебі, физикалық тұрғыдан дамуыма, сонымен қатар, қазіргі таңдағы бодибилдингтегі жетістікке жетуіме де қатты көмектесті.