Самбодан 52 келіге дейінгі салмақта Азия ойындарының чемпионы атанған Бағлан Ибрагим Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, қазақ еліне алтын сыйлағаны үшін қуанышты екенін жеткізді.

- Азия ойындары менің спорттық мансабымдағы ең ірі жарыс. Осы сында топ жарып, қазақ еліне алтын сыйлағаныма қуанып тұрмын.

Осыдан бір ай бұрын Моңғолияда өткен Азия чемпионатына қатысып, бүгін финалда белдескен балуанды ұтқан едім. Міне, моңғол балуанымен тағы да жолығып, жеңіске жеттім.

Алғашында төрт ұпай айырмашылығымен ұтылып жатқанымды көрдіңіздер. Бірақ ішімде жеңіске жететініме сенімді болдым. Оңтайлы сәтті күттім. Азия біріншілігінде тап осы моңғолиялық қарсыласымның сол қолына ауырту тәсілін жасағанмын. Бүгін де сол әдіске түсірдім.

Өз салмағымда Қазақстан чемпионы атанған соң, осындай ірі бәсекелерде топ жару мен үшін үлкен мәртебе, - дейді Бағлан Ибрагим.