Қытайдың Уси қаласында таеквондодан командалық есептегі Әлем кубогінің кезеңі аяқталды. Аталған сынға қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы қола жүлде үшін таласта Ираннан ұтылып қалды, деп хабарлайды Олимпиада комитетінің ресми сайты.

Қазақстан таеквондошылары алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореядан жеңіліп, екінші айналымда Кот д'ивуар құрамасын ұтқан болатын. Ал үшінші орынға күресте Иран құрамасынан екі ұпай айырмашылығымен жеңілді.

Таеквондошыларды Усиге бастап апарған мемлекеттік жаттықтырушы Арман Шылманов турнирдің маңызы мен қазақ спортшыларының аяқ алысы туралы айтып берді.

- Әрине, қолаға қол созым жерде сүрінгеніміз қиын соқты. Ираннан 26-28 есебімен ұтылдық. Десе де, біздің жігіттер жаман өнер көрсеткен жоқ. Ең алғашқы кездесуде ауыр салмақтағы спортшымыз Смайыл Дүйсебайдың аяғын қайырып алғаны бізге кері әсерін тигізді. Ол келесі жекпе-жектерге қатысқан жоқ, - дейді Арман Шылманов.