Италияда стенд атудан қос халықаралық турнир өтті. Апеннин түбегінде оқу-жаттығу жиынын өткізген «Астана» Президенттік мергендер клубы екі доданы да сәтті өткізді.

Шілденің 19-ы күні басталып, бүгін жабылу салтанатын өткізген «Emirates Italian Open Shotgun GREEN CUP» және «HH SHEIKHA FATIMA BINT MUBARAK WOMENS INTL. SHOOTING CHAMPIONSHIP» халықаралық турниріне 20 елден 250 спортшы қатысқан болатын. Арасында «Астана» Президенттік мергендер клубының көшбасшылары Александр Ещенко, Андрей Фролов, Ольга Панарина, Әсем Орынбай, Ангелина Мищук, Мария Дмитриенко, Сәрсенкүл Рысбекова және Анастасия Давыдова да болды.

Домалақ стенд бағдарламасында Александр Ещенко мүмкін болған 125 ұпайдың 122-сін еншілеп, 5-орынға қол жеткізсе, дубль трап бағдарламасында Мария Дмитриенко турнир жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Сәрсенкүл Рысбекова алдымен жекелей сында күміспен күптелсе, келесі күні Мария Дмитриенко және Анастасия Давыдовамен трио құрап, тағы да екінші орынды еншіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Джакартада өтетін жазғы Азия ойындарының аясындағы оқу-жаттығу жиыны болатын. Бұлардан бөлек, спорттық атудағы мергендеріміз маусым айында Бакуде бас қосып, қазір Шымкентта жаттығуда. Ал стенд атудағы үздіктеріміз енді 5 тамызда Алматыда жиналады.