2018 жылдың ең басты оқиғаларының бірі Ресей жерінде өтетін 21-ші кезекті Әлем чемпионаты екені сөзсіз. Жанкүйер қауым асыға күткен аладоп тойының басталуына бір айдан аз уақыт қалды.

Осы орайда prosports.kz сайты сіздердің назарларыңызға бізге көршілес Ресей төрінде өнер көрсететін 32 команда жайлы мәліметтер ұсынады.

Біз бұдан бұрын қазіргі әлем чемпионы Германия құрамасы, ең алғашқы әлем чемпионы Уругвай құрамасы және Әлем чемпионатын ең көп жеңген Бразилия құрамасы жайлы жазған едік. Енді бүгін футболдың Отаны Англия құрамасы туралы сөз қозғаймыз.

Аладоп Англияда дүниеге келген.

Қазіргі заман футболының түп-тамыры Англиядан тарайды. Бұл елдің ұлттық құрамасы XIX ғасырдың 70-ші жылдары құрылды. 150 жылдық тарихы бар.

Англия футбол қауымдастығы әлемдегі ең көне қауымдастық. 1863 жылы құрылған. Ол халықаралық футбол қауымдастығынан (FIFA. 1904 жылы құрылған) 41 жыл бұрын, ал Еуропа футбол қауымдастығынан тіпті бір ғасырға жуық ерте құрылған (UEFA. 1954 жыл).

Ұлттық футболының тарихы осынша бай болғанымен, англиялықтар Әлем чемпионатында толағай табыстарға жете алған жоқ. Әрине, бұл сөзді «футболдың отаны» деген атына салыстырмалы түрде ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, бір мәрте әлем чемпионы атанып (1966), алты мәрте үздік төрт құраманың қатарынан табылу кез-келген команданың тақиясына тар келмейді.

Әлем чемпионаты алғаш ұйымдастырыла бастағанда әлем футболының атасы біз деп санаған олар FIFA-мен тіл табыса алмады. Осылайша, алғашқы үш кезекті (1930/34/38 жылдар) Әлем чемпионаты Англия құрамасысыз өтті. Бұлар қатыспағанға бола FIFA-ның қылшығы қисаймайтынын білген соң ғана Англия футбол қауымдастығы қатарға қосылды.

Бұдан бөлек тағы үш мәрте (1974/78/94) Әлем чемпионатының іріктеуінен өте алмай қалғандары бар. Демек, Англия құрамасы осы күнге дейін өткен 20 чемпионаттың 14-іне ғана қатысты.

Тағы бір қызық дерек, 1950 жылы өздері қатысқан алғашқы Әлем біріншілігінде Англиялықтар топтан шыға алмай қалды. Топтық кезеңде Испания және АҚШ құрамаларына 0:1 есебімен есе жіберді. Бірақ, Англия ақпарат құралдары ел ішінде АҚШ құрамасын 10:1 есебімен жеңдік деп ақпарат таратқан көрінеді.

Әлемдік БАҚ-тың күлкісіне қалған осы ақпарат кейін шындыққа айналды. 1963 жылы Англия құрамасы АҚШ футболшыларын 10:0 есебімен жеңді.

Ал 1966 жылы өз елінде өткен Әлем чемпионатында Бобби Чарльтонның бастауында Уругвай (0:0), Мексика (2:0), Франция (2:0), Аргентина (1:0), Португалия (2:1), ГФР (4:2) құрамаларын жеңіп чемпион атанды.

Англия футболының аңызы - Бобби Чарльтон