Күні кеше Ташкентте күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты жалауын көтерді. Жарыс жолына шыққан грек-рим күрес шеберлері табысты өнер көрсетті. Былтырғы сары құрлық бәсекесінен қола медальмен оралған жамбылдық балуан Дін-Мұхамед Қошқар осы жолы Өзбекстан төрінде топ жарды. Су жаңа Азия чемпионы атанған жас балуанымыз prosports.kz тілішісіне арнайы сұхбат беріп, жарыс жайлы өз ойымен бөлісті.

Бұл Азия чемпионатында ел қоржынына олжа салғаныма қуаныштымын. Себебі құрлық біріншілігінде осал қарсылас болмайды. Әр балуан өз елінің чемпиондары. Оған қоса, былтыр Таиландта өткен додада қола жүлдені қанағат тұтқаным да бар.

Жарыстағы белдесуеріңіз жайлы айтып өтсеңіз?

Бірінші айналымда бос болдым. Ал кейін үнді және қырғыз балуандарынан айламды асырып, финалға жолдама алдым. Ақтық айқаста кілем қожайыны Амирбек Султоновпен күш сынастым. Бұған дейін Султоновпен үш рет кездесіп, үш белдесуде де жеңіске жеткенмін. «Ескі жау атыспаққа жақсы» демекші, ол балуан маған жақсы таныс. Кездесу алдында бапкерлерім оның жамбас әдістерін жақсы жасайтынын да ескертті. Екінші кезеңде ұпай санымен жеңіліп жаттым. Жеңіске жету үшін әдіске бардым. Төреші қарсыласымды төрттағанға қойғанда намысқа тырысып әдісімді жүзеге асырып, жеңімпаз атандым. Айта кетерім, бұл менің ғана жеңісім емес. Мені осы жарысқа дайындаған Ринат Исмаилов, Дәурен Кегенбаев, Қонысбек Түкенов бапкерлерімнің, сондай-ақ мен үшін тілеулес боп, жеңісіме сенген жанкүйерлердің де еңбегі!

Естеріңізге салайық, Дін-Мұхамед Қошқардан бөлек Азия чемпионатында Исхар Курбаев (48кг) пен Мақсат Ерманов (45кг) жүлделіі орыннан көрінді.