УЕФА Чемпиондар лигасының финалында ойнайтын командалар анықталды.

Кеше мадридтік «Реал» мюнхендік «Баварияны» ұтып, Киевте өтетін ақтық сынға жолдама алған болатын.

Ал Италияда «Рома» мен «Ливерпуль» екінші жолдамаға таласты. Бірінші ойындағы 5:2 есебінен соң римдік клубқа қонақтарды кем дегенде 3:0 есебімен жеңу керек еді. Яғни, ширек финалдағы «Барселонаға» қарсы жасаған ерлігін қайталау қажет болатын.

Алайда, ағылшын командасы каталониялықтардың қателігін қайталамады. Матч есебін 9-минутта Садио Мане ашты. Алайда араға 6 минут салып, Джеймс Милнер допты өз қақпасына тоғытып алды. Бұл есеп те ұзақ сақталған жоқ. 25-минутта Джорджиньо Вейналдум қонақтарды екінші рет алға шығарды – 1:2.

Дегенмен, «Рома» да қалыс қалмай, үзілістен соң тағы да таразы басын теңестіріп тастады. Бұл жолы Эдин Джеко көзге түсті. Ал 86-минутта «Рома» матчтағы үшінші голын соқты. Раджа Найнгголан қанжығасын майлаған.

Соңына дейін күрескен италиялықтар 93-минутта екі ойынның есебін бір голға дейін қысқарта алды. Төреші «Ливерпульдің» қақпасына пенальти белгілеп, Найнгголан оны дәл орындады. Бірақ бесінші гол соғуына уақыт жетпей қалды. Қорытынды есеп – 4:2. Екі матчтың қорытындысы бойынша есеп – 7:6.

Осылайша, «Ливерпуль» алғашқы ойындағы басымдығын жібермей, финалға жолдама алды.

«Рома» - «Ливерпуль» 4:2 (1:2)

Голдар: 0:1 – Мане 9, 1:1 – Милнер автогол 15, 1:2 – Вейналдум 25, 2:2 – Джеко 52, 3:2 – Найнгголан 86, 4:2 – Найнгголан пенальтиден 90+3