Абсолют жекпе-жек чемпионатының (UFC) басшысы Дана Уайт бір қолы жоқ спортшы Ник Ньюэллге Tuesday Night Contender Series шоуының екінші маусымына қатысуға ұсыныс тастады.

«Дана Уайт пен маған сенген адамдарға алғыс білдіргім келеді. Мен әлі де жекпе-жекке шығып, өзімді көрсетуім керек. Осындай мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз», – деді Ньюэлл.

Tuesday Night Contender Series – апта сайынғы шоу, оны ақылы түрде UFC Fightpass медиасервисінде көрсетеді. Contender Series – бұл UFC ұйымына өту үшін арнайы скаут платформа. Осында сәтті өнер көрсеткен спортшылар UFC ұйымымен келісімшарт жасасуға мүмкіндік алады. Жекпе-жектер Лас-Вегаста ұйымның жаттығу базасында өтеді.

Ньюэлл - туғаннан бір қолы жоқ спортшы. Америкалық файтер 2009 жылдан бері ММА-да өнер көрсетіп келеді. 2015 жылы ол жарақатына байланысты, спорттан кетті. Алайда ол қайтып келіп, жеңіске жетті. Ол Сонни Люке есімді спортшыны бірінші раундта қылғындыру әдісімен жеңді. Ньюэлл спорттық мансабында 14 рет жеңіске жетіп, бір рет жеңілген.