Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды, деп хабарлайды Prosports.kz24.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлем чемпионы, олимпиада ойындарының күміс және қола медаль иегері Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған дәстүрлі жарыс 19-мәрте ұйымдастырылды.

Еліміздің барлық аймағынан жиналған балғын балуандар екі күн бойы 10 салмақта күш сынасады. Бүгін іріктеу белдесулері басталып кетті. Боз кілем сайысында топ жарғандар Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алады.

Дәулет Тұрлыханов, Азия күрес федерациясының президенті:

- Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда жасөспірімдер арасында грек-рим күресін дамыту. Мынау бүгін өтіп жатқан жарыс әр облыс орталығында, әр аудан орталығында көптеп өткені дұрыс. Өйткені бір-бірімен иық тіресіп, осы кілемде белдесіп, тәжірибесін шыңдайды.