Күресті жіті бақылап жүрген жанкүйерлерге Хаджимурат Гацаловты таныстырып жату артықтық етеді. Олимпиада және әлемнің бірнеше дүркін чемпионы бұл күндері Қазақстанда еңбек етіп жұргенін күрес жанкүйерлері жақсы білуі тиіс. Алайда, сол Гацаловпен тізе қосып еліміздің еркін күресінің жаңа деңгейге көтерілуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Эдуард Базров жайлы көпшілік біле бермейді. Бұл оқылықтың орнын толықтыру мақсатында Prosports.kz тілшісі еркін күрес академиясына барып, Эдуард Базровтың өзімен сұхбаттасып қайтты. - Олимпиада чемпионы Гацалов аузынан тастамайтын Эдуард Базров деген кім?

- Эдуард Базров та күрес ауылынан алыс адам емес. Бірнеше Олимпиада чемпиондары шыққан Солтүстік Осетиядағы Чикола ауылының тумасы Эдуард та бала күнінен күреске жақын болып өсті. Екі дүркін Олимпиада, алты дүркін әлем чемпионы Арсен Фадзаев, Олимпида чемпионы және бес дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы Қажымұрат Гацаловтардың жолымен мен де еркін күреске етене арластым. Ресей ұлттық құрамасы сапында сегіз жыл күресіп, бірнеше халықаралық жарыстарда топ жардым. Ресей чемпионатының бес дүркін жүлдегерімін. Ресей құрамасының нөмірі бірінші балуаны саналған Біләл Маховтың басты қарсыласы болдым. Өздеріңіз білетіндей, Ресейде бәсекелестік өте жоғарғы деңгейде. Өкінішке орай, Әлем және Олимпиада ойындарына қатысу бұйырмады. Ал 2015 жылғы Ресей біріншілігінің финалында Қажымұрат Гацаловтан ұтылған соң спорттық мансабымды аяқтауға бел будым. Алайда күрестен біржола кетіп қалмай бапкерлік жолға түстім. Бапкерлікке келгенімде Артур Таймазов, Ирбек Фарниев, Бесик Кудухов, Қажымұрат Гацаловтардың көмегі тиді. Олардың жаттығуларынан , кросфиттен, ауыр атлетикадан, күрестің басқа да түрлерінен керектісін алып әмбебап жаттығулар жиынтығын жасадым. Әуелде бұл бағдарлама бойынша өзім жаттығып көрдім. Кейінірек өзіме арнайы топ жинап сол балуандармен жұмыс жасадым. Ол топта Владислам Байцаев, Алан Хугаев, Алан Гогаевтар болды. Ол жігіттер бүгінгі күнге дейін жақсы нәтиже көрсетіп жүр. - Сізді Қазақстанға қай жел айдап келді? - Біздің даңқты палуан Қажымұратты Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесшісі ретінде шақырды. Ал Қажымұрат Гацалов маған бірге жұмыс жасау жайлы ұсыныс жасады. Қазіргі таңда еркін күрес академиясында балуандардың жалпы физикалық дайындығын қадағалаймын. Гацаловпен 20 жылдан астам доспыз, сегіз жыл бірге Ресей құрамасында болдық. Жарыстарға бірге шығып, бір залда жаттықтық. Ол менің үлкен ағам десем де болады. Бала күнімнен маған қорған болып, білгенін үйретіп келеді. Шынын айтқанда Осетияда мықты мамандар жеткілікті. Алайда оның таңдауы маған түсті. Біз Қазақстанда Қажымұратпен бірлесіп дайындаған арнайы бағдарламамен жұмыс жасап, палуандарды дайындаудамыз. Қажымұрат екеуміздің басты мақсатымыз - әлем немесе Олимпиада чемпионын дайындап шығару. Қайталап айтамын, біздің көздегеніміз Олимпиада немесе әлем чемпионатының алтыны.