Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) өз рейтингінде мексикалық боксшыны бірінші орынға шығарды. Осыдан кейін ол орта салмақтағы WBO белбеуінің міндетті үміткері болып саналады. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

«WBO рейтингісінде Канело бірден алдыңғы шепке секірді. Оның Головкинге қарсы реваншын күтіп жүрген фанаттар үшін бұл қуанышты жаңалық емес. Оны жайдан-жай жасап жатқан жоқ», - деп жазды TalkSport.com сайтының журналисі Майкла Бенсон.

Оның ойынша, Альварес алдағы жекпе-жегін WBO чемпионына қарсы өткізуі әбден мүмкін. Қазіргі кезде аталған титулдың иегері - британдық Билли Джо Сондерс. Алайда 16 желтоқсан күні ол канадалық Давид Лемьемен жұдырықтасады. Сол жекпе-жекте WBO белбеуі сарапқа салынады.

Айта кетейік, бүгінде Альварестің командасы Головкинге қарсы жекпе-жекті кейінге шегеруге бет алған тәрізді. Бұны кәсіби бокс саласының сарапшылары да байқап қалды. Олай болса, 5 мамырда Головкин мен Альварес арасындағы реванш өтпеуі әбден мүмкін. Үш аптадан кейін Давид Лемье жеңсе, Golden Boy оған қарсы Альваресті оп-оңай шығара салады. Себебі Лемье де мексикалық боксшының командасына кіреді. Билли Джо Сондерс титулды қорғап алса да, Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) оны рейтингте бірінші орында тұрған боксшымен жұдырықтасуға міндеттейді.