Казақстан Бахрейн мемлекетінде ММА спорт түрі бойынша өтіп жатқан Әлем чемпионатында үздік үштікке енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ММА федерациясы осы чемпинатта үздік үштікке енуді көздеген болатын. Жоспар орындалды - Қазақстан спортшылары бұл асуды жарыстың үшінші күні бағындырды», - делінген хабарламада.

Қазақстан құрамасының қыздар арасында бірінші болып 56,7 келіге дейінгі салмақта Гүлмира Нұғыманова шықты. Ол Венгриядан келген Александра Коваксқа қарсы айқас өткізді. Тартыс біздің бастауыш сынып мұғалімі үшін оңайға түскен жоқ. Гүлмира тактикалық қателікке жол беріп, техникалық жеңіліске ұшырады. 52,2 келіге дейінгі салмақта Аян Тұрсын Бахрейннің Хен Раск атты спортшысымен айқасқа шығып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Жеңіл салмақтардың санатына жататын 56,7 келіге дейінгі категорияда Дастан Жақыпбеков өзінің қарсыласына лайықты жауап бергенімен, төрешілердің шешімі бойынша жеңіліске ұшырады. Дәл осы салмақтағы Ерназ Мұсабек үндістандық Шиба Райды қылқындыру әдісі арқылы «үйіне» қайтарған. 61,2 келіге дейінгі салмақ категориясында Олжас Молдағалиев осы чемпионаттағы өте күрделі кездесуін өткізіп, ақыры Ресейден келген қарсыласы Валерий Палатовтан басым түскен. Дінислам Жетпісов жанкүйерлерінің зор қолдауына ие болып, австралиялық қарсыласы Абзи Махдвиді қапы қалдырған. 65,8 келіге дейінгі салмақта Мерей Жұбанов Бахрейнден келген легионер Абдулманап Магомедовтің ауыр соққысынан кейін есінен айырылып, жеңілістің дәмін ащы татқан. Жеңіл салмақ дәрежесінде 77,1 келіге дейінгі айқаста Азия чемпионы Жан Кенжебаев судьялардың шешімімен Бельгиядан келген спортшыдан жеңілді. 93 келіге дейінгі салмақта Құдайберген Төлеубаев Белоруссияның туын көтерген Павел Пахоменкоға жол берді.

Еске сала кетсек, Бахрейнде ММА спорт түрінен әлем чемпионаты 12 қараша күні басталған болаын. Онда 14 салмақ дәрежесінде 51 елден 252 спортшы бақ сынауда. Қазақстан намысын қорғауға Ұлттық құраманың 15 спортшысы аттанған.