Бокстан бұрынғы әлем чемпионы және «Канело» Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя Конор Макгрегормен жекпе-жекке шығу үшін құпия түрде жаттығу жасағанын айтты. 44 жастағы спортшының сөзін The Mac Life басылымы келтірді.

«Мен білемін, мен әлі сайысқа түсе аламын. Ол менің қанымда бар. Мен құпия түрде жаттықтым. Мен бұрыңғыдан жылдам әрі мықтымын. Макгрегорды екі раундта сұлатып түсіремін. Ол үшін мен рингке оралуға дайынмын. Мен оны жекпе-жекке шақырамын. Маған керегі тек екі раунд», — деп мәлімдеме жасады де ла Хойя.

Естеріңізге салайық, 11 қарашада Макгрегор Bellator 187 турнирі аясында өзінің жерлесі Чарли Уордты құттықтаймын деп сегізбұрышқа атылып кіріп, төрешіермен қақтығысып қалған болатын.

Макгрегор — жеңіл салмақтағы UFC чемпионы. 2016 жылдың қараша айында ережесіз жекпе-жектегі мансабын біршама тоқтатып, тамыз айында америкалық боксшы Флойд Мэйуэзермен рингке шыққан еді. Аталмыш кездесуде кіші Флойд мақтаншақ қарсыласын онынышы раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Кездесуден кейін де ла Хойя Макгрегорды екі раундта сұлатып түсіретінін айтқан болатын.