Сурдлимпиадан Қазақстан құрамасы елге оралды
Бүгін Қазақстан құрамасы Сурдлимпиададан елге оралды. Шілденің 13-і мен 31-ы күндері Түркияның Самсун қаласында өткен байрақты бәсекеде ел намысын 35 спортшы қорғаса, оның 12-сі алып шаһардан қатысты, - деп хабарлайды Алматы қаласының ақпараттық-спорт хабы.
Алматылық спортшылар аталмыш жарыстың жүлдегерлері атанды. Еркін күрестен 97 келі салмақта Асылжан Тәжиев үшінші орынға жайғасса, ал грек-рим күресінен 130 салмақ дәрежесінде Хайратхан Шонку қола жүлдені олжалады.
Грек-рим күресінен жаттықтырушысы Ерлан Мұқажанның айтуынша, осы жылғы Сурдлимпиаданың деңгейі өткен жылғы Әлем чемпионатына қарағанда әлдеқайда жоғары.
- Айтулы додаға тек мықты спортшылар қатысты, қарсыластардың дайындығы да айтарлықтай жақсы. Барлық кездесулер қызықты да тартысты өтті. Бүгінгі таңда, бұл спорт түріне ерекше көңіл бөлінетіні белгілі деп ойлаймын. Асылжан еркін және грек-рим күресінен бағын сынады. Еркін күрестен қоланы олжаласа, грек-рим күресінен бесінші орынға жайғасты. Мен атап өткендей, қарсыластар осал емес, әсіресе, Украина мен Қырғызстан палуандары. Айта кетсек, шешуші кездесуде менің шәкіртім қырғыз спортшысын ойсырата жеңіп, қоланы қанағат тұтты, - деп атап өтті Асылжан Тәжиевтің бапкері.
Ал Хайратхан Шонку Түркия спортшыларын ерекше атап өтті, оның айтуынша, солармен белдесу қиынға соқты.
- Бізді осылайша күтіп, құрметтеп жатқанына аса қуаныштымын. Алматы қаласының әкімдігіне және де Денсаулық министрлігіне көрсетілген қолдау үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, туыстарыма және де біздің жанкүйерлерімізге ризашылығым шексіз. Қола медалін жеңу мен үшін үлкен мәртебе, соңғы қарсыласым мықты болды, сондай-ақ, Түркия палуандарын ерекше атап өтуге болады. Әлбетте, алтынды жеңуге трыстық, бірақ, сәті түспеді, - деп бөлісті Сурдлимпиаданың қола жүлдегері Хайратхан Шонку.
Спортшылардың ата-аналары да өз ыстық лебіздерін білдіріп, палуандардың жеңіске деген құштарлығын, төзімділігі мен қайраттылығын ерекше атап өтті.
- Мен бапкерлерге деген алғысым шексіз. Оларға спортшылармен жұмыс істеу қиынға соғады, тіпті, әдістерді түсіндірудің өзі біраз шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Он екі мүшесі сау адамға мұндай жетістіктерге жету оңай емес, ал біздің балалар өзінің бойындағы қиыншылықты жеңіп қана қоймай, қарсыластарын да тізе бүктірді. Олардың қайраттылығын, өмірге деген құштарлығын, қиыншылықтардан қорықпай, оларға төтеп бере алуы құрметтеуге тұрарлықтай деп ойлаймын, - деп қорытындылады Асылжан Тәжиевтың анасы.
Айта кетер жайт, Сурдлимпиада – есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында өтетін жарыс.
Комментарии