Керекулік «Ертістің» сербиялық қорғаушысы Милош Стаменкович Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Црвена Звездаға» қарсы өтетін жауапты матч жайлы пікірімен бөлісті.

Оның пайымдауынша, қазақстандық клубтың келесі кезеңге өтетін мүмкіндігі бар. «Алдағы болатын кездесуде бірінші матчқа қарағанда жақсырақ ойнаймыз деген сенімдемін. Біздің келесі кезеңге өтетін мүмкіндігіміз бар. Біз өзіміздің басымдылықтарымызды білеміз және оларды пайдалануға тырысамыз. «Ертіс» Белградта болатын ойынында Еуропа Лигасының келесі кезеңіне жолдама алады деп ойлаймын», — деді Стаменкович. Еске салайық, «Црвена Звезда» — «Ертіс» ойыны Белградта бейсенбіден жұмаға қараған түні болады. Астана уақытымен матчтың басталуы 00:30 минутқа жоспарланған.