Бүгін, «Достық» спорт кешенінде атақты палуан шеберлік сабағын өткізді.

Жас спортшылар Украина еліне еңбегі сіңген спорт шебері, грек-рим күресінен 1996 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Вячеслав Олейникпен кездесті.

50-ге жуық жас күресші бүгінгі шараға қатысып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Өз кезегінде Олимпиада чемпионы осындай шеберлік сағаттары жас спортшылар үшін таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті:

- Мен Дәулет Тұрлыханов мырзаның шақыруымен келдім. Жақында тау бөктерінде оқу-жаттығу жиынында жас күресшілерімен кездесіп, жаттықтық. Жалпы физикалық дайындыққа аса көңіл бөлемін, сондықтан мені спортшыларды дайындап, тәжірибиеммен бөлісуге шақырды. Атап өтсек, бүгін, мықты жігіттер келді, барлық нұсқауларды дұрыс орындап жатыр. Олардың мұндай дайындықпен қазақ чемпиондарының ізін басып, жақсы нәтиже көрсететіне сенімдімін. Шілденің 19-ы күні Белоруссияда украиналық және қазақстандық бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтетін болады. Біздің серіктестігіміз екі елдің спортшыларына оң септігін тигізеді деген ойдамын.

Естеріңізге сала кетсек, «№ 15 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» 21 жасқа дейін барлық жеткіншектерді күрестің үш түрлерімен тегін өтетін сабақтарға шақырады. Жаттығулар ең үздік күрес бапкерлерінің басшылығымен өтеді. Олар тәжірибиелі, спортшылардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеген.

Сонымен қатар, шеберлік сабағынан алған әсерімен жас палауан Диас Тілеубай бөлісті:

- Бүгін көп әдістерді меңгердік, бас бапкерге алғысымыз шексіз. Әсіресе, аяққа көп көңіл бөлінді. Спортшылардың басым бөлігі аяқпен жұмыс жасамайды, көбінесе кеудемен жығады екен. Сондықтан біз техниканы жақсартып, жаңа әдістерді меңгеруге тырыстық. Әрине әр күресшінің өз әдістері бар, бірақ, біз Вячеслав Олейник мырзадан грек-рим күресінің қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинауға тырыстық.

Айта кететін жайт, мұндай шеберлік сабақтар айына екі мәрте өтіп тұрады. Осындай мүмкіндікті пайдаланып жеткіншектер еліміздің белді палуандарымен, оның ішінде Олимпиада жүлдегерлері, әлем, Азия және Еуропа біріншіліктерінің және көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздарымен шеберліктерін шыңдайды.