Қазақстан Кәсіпқой футбол Лигасының алаң сапасын тексеру комиссиясы Батыс Қазақстан облысында болып қайтты. Сапар барысында қаладағы П.Атоян атындағы Орталық стадион мен қосалқы «Ақжайық» стадионының алаңдары зерттелді. Бұл туралы ҚКФЛ ресми сайты хабарлады.

П.Атоян атындағы стадионда табиғи алаң төселген. Тексеру барысында алынған нәтижелер, қазіргі уақыттағы алаң сапасы комиссия мүшелерін қанағаттандырмады:

- Алаңның дренаж мүмкіндіктерінің көрсеткіштері және алаң қаттылығы минималды рұқсат етілген деңгейден төмен;

- Алаң тегіс емес;

- Алаңның 20% - тақыр жер және газонның 30% өліп қалған.

Стадион басшыларына жағдайды тез арада жақсарту шараларының кешені ұсынылды. Анықталған кемшіліктерді толық жоймайынша, 2017 жылдың 27 мамырынан бастап ҚКФЛ аясында өтетін барлық ойынның өткізілуіне комиссия тиым салды.

«Ақжайық» стадионындағы синтетикалық алаң ҚКФЛ комиссиясының тестісінен өтпеді: алаң жамылғысының тегістерінің ұлғайғандығы анықталды, алаң тегіс емес. 2017 жылдың 27 мамырынан бастап тексеру барысындағы анықталған кемшіліктер толық жойылмайынша «Ақжайық» футбол клубының өз алаңындағы ойындарын қосалқы стадионында да өткізуге болмайды.

Туындаған жағдайлар ҚКФЛ әкімшілігін де алаңдатады. Жоғары деңгейдегі ойындарды өткізуге алаңдардың дайын болмағандығы Орал жанкүйерлерінің жергілікті командалардың өнерін тамашалау мүмкіндігінен айырып отыр. ҚКФЛ аймақ және «Ақжайық» футбол клубының басшыларымен туындаған жағдайларды шешу үшін байланыс жасауда.