Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында 70 келіде чемпион атанған Ақжүрек Таңатаровты бүгін Алматыға келді. Балуан prosports.kz тілшісіне жарыс жайлы пікірімен бөлісті.

- Жеңіс құтты болсын, жарыстан алған әсеріңіз қандай?

- Жеңіспен оралғаннан кейін жақсы әсер алдық. Өте қуаныштымын. Көңіл күй керемет.

- Қарсыластарыңыз жайлы айта кетсеңіз…

- Бірінші қарсыласым моңғол спортшысы болды. Әрине, осал қарсылас емес. Азия чемпионатына мықты дайындықпен келген. Қарсыласымды 12-1 есебімен жеңіп, келесі айналымға өттім. Жартылай финалда жапон балуанымен белдестім. Момоджиро Накамураны 11-7 есебімен жеңдім. Соңғы белдесуім оңай болған жоқ. Финалда соңғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері өзбекстандық Ихтиор Наурузовты тізе бүктіріп, Азия чемпионы атандым.

- Алдағы жоспарыныз қандай?

- Енді оқу-жаттығу жиындары басталады. Одан кейін осы жылдың тамыз айында Парижде әлем чемпионаты өтеді. Сол біріншілікке дайындаламын.

- Олимпиада ойындарына қатысу ойыңызда бар ма?

- Оған дейін әлі уақыт бар. Алдымен биылғы жылдағы жарыстарда бағымды сынап көрейін. Келер жылы Азия ойындары бар.

- Дегенмен ойыңызда бар шығар? Рио ойындарына қатыспадыңыз…

- Әрине, әрбір спортшының арманы — Олимп шыңын бағындыру. Менде Олимпиада ойындарынан медаль бар. Азия чемпионатын да жеңіп алдым. Ендігі кезекте — әлем чемпионаты. Осы біріншілікте жүлделі орындардан көріну – басты мақсатым.

- Салмақ ауыстыру жайлы айта кетсеңіз...

- Олимпиада ойындарынан кейін 74 келіге ауысқанмын. Дегенмен бұл салмақ мен үшін ауыр болды. Қазір 70 келіде белдесіп жүрмін. Осы салмақпен Азия чемпионы атандым. Соңғы үш жарыста да жақсы нәтиже көрсетіп келемін.

- Бұл жеңісіңді кімге арнайсың?

- Жеңісімді өзімнің отбасыма арнаймын. Жақындарым мен үшін дұға тілеп, қолдау көрсетті. Әлеуметтік желілерде көп жанкүйерлеріміз өз құттықтауларын жолдап жатты. Барлықтарыңызға үлкен рахмет!