Бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin белбеулерінің иесі Қанат Ислам мен бірінші ауыр салмақтағы WBA (regular) белбеуін иемденген Бейбіт Шүменов 9-шы қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» спорт кешенінде жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы Facebook желісінде Исламның PR-менеджері Берік Сұлтан хабарлады.

«Арненаның сыйымдылығы – 10 мың орын. Рингтің айналасына 2-3 мың орындық қоюға болады. Жалпы есеппен 13 мың көрермен жинауға мүмкіндік бар. Бокс кеші алдында үш баспасөз мәслихаты мен ашық жаттығу өткізіледі. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін «Сарыарқа» спорт кешенінде қорытынды баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Әркім көкейде жүрген сұрағын қоя алады. «Алматы аренадағы» бокс кешінде 15 мың адам жиналғанын айта кетуіміз керек. Жекпе-жекке кіре алмай қалғандары қаншама. Сондықтан да алдын-ала билет алуларыңызды сұраймыз. Айта кетейік, бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам кездесу өткізеді. Сонымен қатар, рингке әлем чемпионы Бейбіт Шүменов шығады. Қазіргі күні, бокс кешінің басқа да қатысушыларымен келіссөз жүргізіліп жатыр. 9-шы қыркүйек күні Астанада тамаша айқас болайын деп тұр!» - деп жазды Берік Сұлтан.