Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ММА спортшысы Арман Оспановқа қолдау көрсетті.

Естеріңізге сала кетсек, Оспанов 18 наурызда АҚШ-та өтетін WSOF турниріне қатысу керек еді. Алайда жарысқа аз уақыт қалғанда Марат Ахметов бастаған топ WSOF басшылығына хат жазып, нәтижесінде Арман жарыстан шеттетілген болатын.

«Арман, сен қазақтың батырысың! Сен чемпионсың! Оны қаншама рет дәлелдедің. Әлемдік додаларда ел намысын қорғадың, көк туды желбіреттің. Қазақтың жұдырығы ауыр, жігері мықты, намысты ұлт екенін мойындатқан жаужүрек спортшысың. Ринг сыртында да күрес бар. Бұл айқаста да жауырының жерге тимейтініне сенемін. Шын мықтыға түрлі сынақтар келеді. Бұл жерде де қасқайып тұрып беру керек. Бұл жерде де еңсені тік ұстау керек. Мойымау керек. Әлемдік аренада әлі де ұлттың абыройын асқақтатып, туын желбірету үшін саған бұл сынақты да жеңу міндет. Өзің үшін емес, артыңнан еріп келе жатқан, еліктеп жүрген інілерің үшін, ұлтыңның келешегі үшін саған тоқтамау керек. Әлсіздер ғана әр сөзге алаңдап, кім не деп жатыр деп жалтақтап жүреді. Сұңқар биікте самғайды. Сен батырсың. Өзіңнің орның бар. Оны ешкімге берме! Мықты екеніңді әлі талай дәлелдейсің. Ол күн де алыс емес! Мен саған сенемін!», - деп жазды Қанат Инстаграмдағы парақшасында.