Кейде спортта көрермендер жауабын біле бермейтін сауалдар болады. Мысалы, атлеттер қолдарына жағатын ұн іспеттес нәрсе не? Олимпиадада бассейндегі судың температурасы қанша болады? Осы секілді қызықты сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.

Гимнастшылар мен атлеттер қолына жағатын ақ ұнтақ не?

Бұл магнезия ұнтағы. Ол қолдағы ең кішкентай ылғалдың өзін жоқ қылады. Сондықтан, зілтемір көтергенде, не болмаса, гимнастикалық қоссырық кезінде қол тайып кетпейді.

Синхронды жүзушілер судың астында әуенді ести ме?

Иә. Бұл үшін бассейннің ішінде арнайыланған динамика қойылады. Сондықтан спортшылардың бірге қозғалуы үшін су астында әуен болады.

Жүзгіштер неге көп жағдайда бірден резеңкелі екі бас киім киеді?

Екіншісі жүзу көзілдірігін нығайтып ұстап тұрады. Сондықтан көзілдіріктің жылжып кету мүмкіндігін азаяды.

Олимпиадалық бассейндерде су температурасы қанша болады?

Халықаралық Олимпиада комитетінің стандарты бойынша, бассейндегі судың температурасы Цельсий шкаласы бойынша 27 немесе 28 градус болуы керек.

Теннисте неліктен есеп ерекше жасалады – 15, 30, 40, гейм?

Негізі, басында теннис есебі сағат уақытымен бірдей болған – 15, 30, 45 және 60. Бірақ, артынша ХІХ ғасырдың аяғында Францияда 45-ті 40 санына ауыстырып тастады – шамасы, есепті осылай айту ыңғайлырақ болған. Кейін бірнеше рет есептеу әдісін қарапайым (1, 2, 3 және 4) қылуға тырысқандарымен, бұл ойлары жүзеге аспады.

Америкалық футбол неге олимпиадалық спорт атанған жоқ?

Америкалық футбол тек АҚШ-та ғана атақты. Сондықтан, ХОК бір ғана елде танымал спортты олимпиадалық бағдарламаға қосудан бас тартты.

Олимпиададағы бес дөңгелек нені білдіреді?

Бұл бес құрлықтың бірлігін білдіреді. Бірақ олардың ешқайсысы да нақты бір құрлықтың түсі ретінде жасалмаған. Көк, қызыл, сары, жасыл және қара түстер мемлекеттердің туларында көп кездесетін болған соң таңдалған.

Неліктен гимнастшылардың бойлары кішкентай болады?

Бұл табиғи құбылыс емес. Жаттығулардың салдары. Әр адамның сүйектерінде «бой тілімі» деп аталатын төсем болады. Гимнастшылардың жаттығулары өте ауыр болғандықтан, «бой тіліміне» жүк түсіп, сүйек өспей қалады. Сондықтан, гимнастшылардың да бойлары ұзын болмайды.

Олимпиада алтын медалінің бағасы қанша және оның салмағы қандай?

Рио Олимпиадасының алтын медальдары 500 грамм болды. Алтын медальдардың 92,5%-ы күмістен тұрады. Оның тек 1,34 пайызы ғана алттыннан құралады, оның өзі медальдың сыртын жабуға кетеді.

Ал бағасына келер болсақ, алтын медальдің ресми бағасы – 560-590 доллар. Бірақ коллекциялық бағасы одан да қымбат. Мысалы, Джесси Оуэнстің 1936 жылы Берлин Олимпиадасында жеңіп алған алтыны аукционда 1,5 миллион долларға сатылды.