ӘЧ-2026 доп додасының ашылу салтанаты өтті
11 маусым күні түнде футболдан 23-ші әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімі Мексиканың Мехико қаласында өтті. ФИФА ауқымды музыкалық шоу ұйымдастырды. Оның көркемдік және визуалдық тұжырымдамасына Олимпиада ойындарының салтанатты рәсімдерін қоюшы Марко Балич жауап береді.
Мексикалық шоудың негізгі идеясы дәстүрлі papel picado (өрнекті қағаз) өнері мен ұлттық фольклордан шабыт алған. Италиялық опера әншісі Андреа Бочелли француз диджейі Давид Гетта, америкалық рэпер Megan Thee Stallion және әнші EJAE-мен бірге турнирдің DNA («ДНҚ») атты ресми әнұранын жанды дауыста орындады. Ал Шакира мен нигериялық әнші Burna Boy әлем чемпионатының Dai Dai атты ресми әнін алғаш рет стадион сахнасында таныстырды.

Шоу бағдарламадан кейін турнирдің ашылу матчы қожайын елдердің бірі – Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары арасында өтті. Кездесу Қазақстан уақыты бойынша 00:00-де басталды және турнир қожайындары сенімді жеңіске қол жеткізді. Осылайша, турнирдің алғашқы матчы 2:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды.
Ал Хулиан Киньонес – ӘЧ-2026 алғашқы голының авторы. Мексика құрамасының шабуылшысы матчтың 8-минутында Оңтүстік Африка қақпасынан саңылау тапты.
Бұл матчта Әлем Чемпионатындағы алғашқы қызыл қағаздарды да көрдік. Оңтүстік Африка ойыншылары Яя Ситхоле мен Тземба Зване және Мексика қорғаушысы Сезар Монтес екінші таймда қызыл қағазбен жазаланды.

Айта кетейік, ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатының үш ашылу салтанатын өткізуді жоспарлаған. Екінші салтанатты рәсім 12 маусымда Канаданың Торонто қаласында сағат 22:30-да «БМО Филд» стадионында өтеді, содан кейін Канада - Босния және Герцеговина арасындағы ойын өтеді. Үшінші ресми ашылу 13 маусым күні таңертең сағат 04:30-да АҚШ - Парагвай матчы алдында Лос-Анджелестегі «Соу-Фай» стадионында өтеді.

Еске салсақ, алғаш рет үш елде өтетін жаһандық додаға тұңғыш рет 48 құрама қатысуда. 19 шілдеге дейін жалғасатын футбол тарихындағы ең ауқымды мундиальда барлығы 104 матч өтеді.
Әлем чемпионатының барлық матчтары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында көрсетіледі.