Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының финалына шыққан тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды
Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының финалына шыққан тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz
Шайдоров Қытайдағы Гран-приде күміс жеңіп алды. Бұл оған финалдың резервтік тізімін бастауға мүмкіндік берді.
Ал бүгін, 27 қарашада француз мәнерлеп сырғанаушы Адам Сяо Хим Фа соңғы жарыста тобығынан жарақат алып, Гран-при финалынан шығып қалғаны белгілі болды. Осыған орай, Михаил Шайдоров резервтік тізімнің көшбасшысы ретінде финалға қатысуға шақырту алды.
«Сене алар емеспін. Тіпті ойымды жинақтай алмай тұрмын. Мен Гран-при финалында өнер көрсеткен бірінші қазақстандық спортшы боламын. Бұл сондай керемет!», - деді Шайдоров.
Гран-при финалы 5-8 желтоқсан аралығында Францияда өтеді. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы Гран-при финалында қазақстандық спортшыдан бөлек Илья Малинин (АҚШ), Юма Кагияма, Сюн Сато (екеуі де Жапония), Кевин Аймо (Франция) және Даниэл Грассль (Италия) өнер көрсетеді.