Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ирландияда жекпе-жек өткізіп, титулын қорғайды
Екінші жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Сұлтан Зәуірбек (18-0, 13 КO) қашан рингке оралатыны белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Сұлтан Зәуірбек 7 желтоқсанда Уотерфордта (Ирландия) жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы польшалық Дамиан Вржесинский (28-3-2, 7 КО) болады.
«Қазақ патшасы», WBA рейтингінде үшінші тұрған Сұлтан Зәуірбек екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA Continental титулын қорғап, 2025 жылы әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне жақындай түспек», - делінген Wasserman Boxing-нің Instagram-дағы жазбасында.
28 жастағы Сұлтан Зәуірбек соңғы рет шаршы алаңға биыл 22 маусымда шыққан еді. Ол Ұлыбританияда өткен бокс кешінде аргентиналық Роман Рубен Рейносоны бірінші раундта теникалық нокаутпен жеңіп, WBA Continental титулын иеленді.
Еске салайық, жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Айдос Медт алғаш рет АҚШ-та жекпе-жек өткізетінін жазғанбыз. Ол 11 желтоқсанда Плант-Ситиде (Флорида, АҚШ) өтетін бокс кешінде никарагуалық Херсон Ортиспен (17-11, 8 КО) жұдырықтасады.