Шавкатты да, оның болашақ қарсыласын да жаттықтырған бапкер жекпе-жектегі фаворитті атады

Шавкатты да, оның болашақ қарсыласын да жаттықтырған бапкер жекпе-жектегі фаворитті атады

UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов америкалық Kill Cliff залында жаттығып жүр. Қазақ спортшысы  Астана уақытымен 8 желтоқсанда жоспарланған UFC 310 турниріне қатысады. Ирландиялық қарсыласы Иэн Гарри де кезінде осы залда жаттыққан. Ол залда екі спортшыға да тәлім берген Саид Сапаров есімді бапкер бар. 

Prosports.kz тілшісі бапкерге хабарласып, әлі күнге дейін жеңілмеген қос мықтының кәсіби деңгейде өтетін жекпе-жегіне қатысты бірнеше сауалға жауап беруін өтінді.

Сіз Шавкатты да, Иэнды да жаттықтырдыңыз. Олардың спорттағы әлеуеті мен адами қасиеттеріне баға бере аласыз ба?

- Екі файтер де талантты, бірақ психикалық жағынан мүлдем басқа. Мақсаттары бір сияқты, бірақ жолдары басқа. Стильдік жағынан айырмашылық бар. Дегенмен, екеуі де тік тұрып төбелесуді ұнатады. Менің ойымша, Шавкат жан-жақты спортшы, оның үлкен артықшылығы – әуесқой ретінде өнер көрсету тәжірибесі бар. Ирландиялық спортшы біздің залдан болғанымен, онымен жиі жұмыс істей алмадық. Үнемі асығып, өз әлемінде жүретін. Командалық адам деуге де келмейді.  

Иэннің залдан кеткеніне бір жылдай уақыт болды. Болашақта осы залда жаттығатын бір спортшымен UFC-де кездесетінін сезсе керек. Сондықтан, мықты тұстарын көрсетіп қоймас үшін де басқа жерге ауысты деп ойлаймын. 

– Шавкат пен Иэн бірнеше рет спарринг өткізген. Қос спортшының арасындағы төбелесте қандай қызықты сәттер болды?

– Иә, октогонда айқын төбелеспесе де, жаттығу сәтінде бірнеше рет спаринг өткізгенін көрдім. Екеуі де барын салуға тырысты. Шавкаттың бірнеше рет қылқындыру әдісін сәтті қолданғаны да жасырын емес. 

-Шавкаттың аяғы не болған? Мұны тіпті әлеуметтік желідегі жанкүйерлер де байқаған. Тізесінде жарақат бар сияқты ма?

- Аландайтын жағдай емес, бар күшімізбен жұмыс істеп жатырмыз. ММА-да кішігірім жайсыздық болып тұрады. Файтердің жолы осындай. Белал да жарақатына байланысты октогонға шыға алмай отыр. Мансабы мен белбеу бәске тігілген.

– Сіздің ойыңызша, Рахмонов пен Гарри арасындағы жекпе-жек екі файтерге де қажет пе?

- Менің ойымша, таңдау болмаған кезде жекпе-жек өткізбей ұзақ уақыт октогоннан алшақтағаннан гөрі, рейтингте өзіңнен төмен файтермен де төбелескен дұрыс. Шавкаттың да ресми жекпе-жек өткізбегеніне бір жылдай болды. Дене суытып алмай, бес раундтық шайқасқа шығып, өзің бабында ұстаған тиімді. 

– Екі спортшы UFC-дің чемпиондық белбеуіне лайық. Сіз қайсысына басымдық берер едіңіз?

- Бұл салмақта бәсеке жетеді. Кіл мықтылар жиналған UFC-дегі жалғыз дивизион. Әйтсе де, мен «Номад» үшін жанкүйер боламын! 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или