Волейболдан «Жайық» ел чемпионы «Таразды» жеңіп кетті
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Тараз» бен «Жайық» (Орал) өзара кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz
Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар өткен біріншілікте ел чемпионы атанса, жүлдеге таласудан тыс қалған оралдықтар бесінші орынды місе тұтқан еді.
Жаңа маусымда «Тараз» көш бастаушылардың бірі болса, Виктор Козиктің шәкірттері соңғы екі ойында ғана қатарынан жеңіске жеткен-ді.
Бұл жолы бірінші партия барысында тараздықтар сәл басымдылық танытқанымен, оралдықтар бәсеке тізгінін қолына ала білді – 25:20.
Орал волейболының түлектері, команда капитаны Виталий Вориводин, Владимир Прокофьев, сондай-ақ Виталий Эрдштейн, Борис Кемпа, Сергей Окунев (либеро), ресейлік Михаил Моров, украиналық Володимир Ковальчук (байланыстырушы) екінші сетте бірден алға шығып, жеңістік берген жоқ – 25:18.
«Жайық» үшінші кезеңде де 12:7 есебімен алға кеткенімен, Жақсылық Тілеулин бастаған тараздықтардың басып озуына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен оралдықтар екінші матчболын құр жіберген жоқ – 28:26.
Осылайша, 10 ұпай жинаған «Жайық» турнир кестесінде үздік үштікке ілінді.
Бүгін сондай-ақ суперкубок иегері «Ақтөбе» Алматының «Буревестнигін» 3:0 (25:21, 25:20, 25:16) есебімен қапы қалдырып, 10 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Төртінші сатыдағы «Тараздың» да қоржынында 10 ұпай бар.
Абат Айымбетов клуб ауыстыруы мүмкін
Қазақ балуандары халықаралық турнирде алты медаль жеңіп алды