Волейбол: «Тараз» клубы ел чемпионатында көш бастады
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Тараз» клубы көш бастады.
Бірінші турдың екінші күні ел чемпионы алаң иелері — «Атыраумен» кездесті.
Бұл атыраулықтардың алғашқы ойыны еді. Ал тараздықтар бастапқы кездесуінде «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 есебімен қапы қалдырған еді.
Тараздықтар «Атырауды» 3:1 (25:21, 25:15, 24:26, 25:19) есебімен жеңіп, турнир кестесінде 6 ұпаймен көш бастады.
«Жетісу» (Талдықорған) тартысты матчта 3:2 есебімен (25:18, 21:25, 25:20, 20:25, 15:7) «Ұшқын-Көкшетаудың» меселін қайырып, «Ақтөбемен» ұпайы (5) теңесіп, екінші және үшінші орынды бөлісіп тұр.
Сондай-ақ «Есілді» (СҚО) 3:1 (25:21, 25:20, 19:25, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Павлодар» клубы әзірге 3 ұпаймен төртінші сатыға табан тіреді.
Жұма күні «Жетісу» — «Ақтөбе», «Павлодар» — «Ұшқын-Көкшетау», «Тараз» — «Есіл», «Буревестник» — «Атырау» командалары өзара кездеседі