Денис Евсеев Испанияда қарсыласын ойсырата ұтып, ширек финалға шықты
Қазақстандық теннисші, әлемнің 212-ракеткасы Денис Евсеев Монтемар (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 703-орында тұрған болгариялық, 19 жастағы Илиян Радуловпен кездесті.
Денис Евсеев қарсыласын 6:0, 6:2 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Евсеев эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Радулов 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 84-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, Италия өкілі Фабио Фоньинимен таласады. Ол рейтингіде 514-сатыдағы ресейлік Святослав Гулинді қапы қалдырды - 6:3, 6:2.
Д.Евсеев украиналық Эрик Ваншельбойммен бірге жұптық сында да ширек финалға жолдама алды. Олар бастапқы кездесуінде болгариялық Адриан Андреев - молдовалық Егор Матвиевичті жолдан тайдырды - 6:3, 6:2.