«Мистер Олимпия» бәсекесіне қатысқан тұңғыш қазақ: Елімді әлемдік аренада танытқанымды мақтан тұтамын

«Мистер Олимпия» бәсекесіне қатысқан тұңғыш қазақ: Елімді әлемдік аренада танытқанымды мақтан тұтамын

«Мистер Олимпия» бәсекесіне қатысқан тұңғыш қазақ пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz 

Дарын Ширбаев халқаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген қазақстандық бодибилдер. Ол бодибилдингтен өткен халықаралық турнирде топ жарып, 2025 жылғы «Мистер Олимпия» бәсекесіне жолдаманы жеңіп алды.

- Менің бодибилдингтегі кәсіби мансабым 2023 жылы басталды. Сол жылы мен АҚШ-та бірінші рет кәсіпқойлар арасында халқаралық жарысқа қатыстым. Менің қарсыластарым – көп жылдық тәжірибесі бар үздік спортшылар және «Мистер Олимпия» бәсекесінің қатысушылары болды. Соған қарамастан мен үшінші орын алдым. Дебютант үшін мұндай нәтиже жай ғана жетістік емес, нағыз серпіліс,- деді спортшы.

Айта кетерлігі, Дарын Ширбаев «Мистер Олимпия» бәсекесіне қатысқан тұңғыш қазақ спортшысы. Ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 60-кезекті «Мистер Олимпия» бәсекесінде өнер көрсетті.

- Осы аты аңызға айналған турнирде мен «Классикалық физик» аталымында бақ сынаған тұңғыш қазақ болдым. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі, мәңгі есте қалатын тарихи оқиға болды. Мен өз елімді әлемдік аренада танытып, қазақ бодибилдингінің жоғары деңгейде бәсекеге түсе алатынын көрсеткенімді мақтан тұтамын, - деді Дарын Ширбаев.

Қазақстандық бодибилдер 2 қараша Алматы қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарып, 2025 жылғы «Мистер Олимпия» бәсекесі «Классикалық физик» санатында өнер көрсететін 24 спортшы қатарынан көрінді.

- Дәл қазір мен 2025 жылғы «Мистер Олимпия» бәсекесіне дайындалып жатырмын. Алда әлі талай жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін және Қазақстанның даңқын әлемдік аренада асқақтатып, жаңа чемпиондарды шабыттандыру үшін бәрін жасаймын, - деді Дарын Ширбаев.

2025 жылғы «Мистер Олимпия» турнирі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.

Айта кетейік, Дарын Ширбаев 1989 жылы 10 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Бұл күнде ол кәсіби бодибилдингпен қатар жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Источник: Kaz.inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или