Қысқы Азия ойындарына Қазақстаннан 139 спортшы қатысады
ІХ қысқы Азия ойындарына Қазақстаннан 140-қа жуық спортшы қатысады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев мәлім етті.
«ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді. Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ. Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг жарыстары, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жоспарланған», - деді А. Имашев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жарысқа 30-дан астам елден 1,2 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина - биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығын сарапқа салады.
«Еліміздің Ұлттық құрамасы спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) алып барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады», - деді ведомство өкілі.
Атап айтқанда, биатлон - 10 спортшы, кёрлинг – 12, конькимен жүгіру спорты – 20, мәнерлеп сырғанау – 4, шорт-трек – 12, шаңғы жарысы - 12 спортшы, шайбалы хоккей (ерлер) - 23 спортшы, шайбалы хоккей (әйелдер) - 23 спортшы, тау шаңғы спорты – 8, фристайл-акробатика – 7, сондай-ақ шаңғы жарысынан 8 спортшы барады.