Елена Рыбакина Арина Сабаленкамен ойнайды
Сауд Арабиясының бас қаласы Ар-Риядта теннистен әйелдер арасындағы жылдың қорытынды турнирі – WTA Finals өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін Қазақстан құрамасының ойыншысы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-орында) топтағы 3-матчта Беларусь өкілі Арина Сабаленкамен (WTA рейтингінде 1-орында) кім мықтыны анықтайды. Екі теннисші осыған дейін 9 рет кездескен. Оның үшеуінде Елена басым түссе, қалғаны Аринаның пайдасына аяқталған. Ойын қарсыңындағы сұхбатында Елена былай пікір білдірді.
«Осы маусымда ол жақсы ойнап жатыр. Өзіне сенімді. Мен үшін бүгінгі матч қиын болғалы тұр. Десе де мен Чжэнмен ойында алдыңғы турға қарағанда қарқыныма қарқын қостым деп айта алам. Осы ойында да солай болады деп ойлаймын. Қалай боларын кортта көреміз.
Иә, ол жылды рейтингте 1-орында аяқтауы мүмкін. Ал мен ештеңеге қарамай жақсы ойнап, ләззат алғым келеді»,-деп айтты Рыбакина баспасөз жиынында БАҚ-қа берген сұхбатында.
Осы тұста Арина алдыңғы 2 матчта жеңіске жетіп, турнирдің жартылай финалына ерте жолдама алып қойғанын айта кетейік. Ал Рыбакина Жасмин Паолини (Италия), сосын Париж Олимпиадасының және жазғы Азия ойындарының чемпионы Чжэн Циньвэньге (Қытай) жеңіліп, топтан шығу мүмкіндігінен айырылған. Еске сала кетейік, қазір Елена Рыбакина әлемнің бұрынғы 2-ракеткасы Горан Иванишевичпен бірге жұмыс істейді. Осыған дейін отандасымыздың жеке бапкері хорват Стефано Вуков болған.
Осы маусымдағы WTA Finals турнирінің жалпы жүлде қоры бұрын-соңды болмаған соммаға жетті (27 миллион, 450 мың доллар). Жеңімпаз соның 5 миллион 155 мыңына (жобамен 2,5 миллиард теңге) иелік етеді. Ал 8 таңдаулы теннисші қатысқаны үшін 335 мың доллардан алады.
WTA Finals-тан кейін Рыбакина Қазақстан құрамасының сапында Билли Джин Кинг Кубогында Оңтүстік Кореямен болатын ойынға қатысады. Матч 16-17 қараша аралығында Астана қаласында өтеді.