Волейболдан Қазақстан кубогы: әйелдер арасында жартылай финалға шыққандар анықталды
Петропавл қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогы жарысында жартылай финалға шыққандар анықталды.
А тобында барлық үш кездесуінде қарсыластарын ұтып, үздік шыққан «Жетісу» (Талдықорған) жеңісті жолын ширек финалда жалғастырды.
Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері Б тобында төртінші орын алған «Ақтөбені» бұйым құрлы көрген жоқ – 3:0 (25:15, 25:18, 25:7).
Биылғы ел чемпионы, Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын «Тұран» (Түркістан) ширек финалда «Қарағандыны» 3:1 (21:25, 25:21, 25:19, 25:15) есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалдық үшінші бәсекеде «Берел» (Өскемен) және «Алматы» командалары бетпе-бет келді. Бір қызығы, өскемендіктерді Ришат Гилязутдинов жаттықтырса, «Алматының» бас бапкері – оның туған ағасы Рафаэль Гилязутдинов. Бұл ойында өскемендіктер басым болды - 3:0 (26:24, 25:10, 25:14).
Соңғы матчта Б тобының үздігі, алаң иелері «Қуаныш» (бас бапкері – Азамат Есімов) пен «Ару-Астана» кездесті. Бұған дейін өз тобында көш соңында қалған астаналықтар фаворитке қатты қарсылық көрсетті. Бірінші партияда солтүстікқазақстандықтар 25:17 есебімен шеберлігін танытқанымен, екіншісін «Ару-Астана» алып кетті – 25:22. Тіпті олар үшінші партияда да алда келе жатты. Бірақ «Қуаныш» өз дегеніне жетті – 26:24, 25:13. Жалпы есеп – 3:1.