«Өте мықты». Аты аңызға айналған бапкер Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы мүмкіндігін бағалады
Футзалдан Қазақстан құрамасын бастап 2016 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлде алған бапкер Какау Prosports.kz сайтына құраманың Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы мүмкіндігі туралы пікірін айтты.
«Қазақстан құрамасының Испаниямен ойынын көрдім, матч дәл мен күткендей болды. Қазір Испанияда бұрынғыдай мықты команда жоқ. Қазақстан қорғаныста өте жақсы өнер көрсетті, ал Лео Игита сөзсіз матчтың үздік ойыншысы болды. Қазақстан құрамасы өте мықты, әлем чемпионатының финалына шығуға мүмкіндігі бар.
Ливиямен матчтан не күтуге болады? Көп гол соғып жеңеміз, өйткені мен Ливия құрамасын білемін – біз оларға қарсы ойын өткізгенбіз. Топтан бірінші орынмен шығу үшін мүмкіндігінше ірі есеппен жеңуіміз керек. Алға Қазақстан!», - деді Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері.
Айта кетейік, 2024 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы кездесуде Қазақстан құрамасы Испаниямен тең ойнаған болатын (1:1). 18 қыркүйекте Кака шәкірттері бірінші айналымда Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен ұтқан Ливия құрамасымен кездеседі. Матч Астана уақытымен 17:30-да басталады.