Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте жылды 9-орынмен қорытындылады
Халықаралық теннис федерациясы әлемдегі әйелдер құрамалары арасында жаңартылған рейтингті жария етті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, командалық әлем чемпионатының қорытындысымен қазақстандық құрама дүниежүзілік рейтингте 9-орынға жайғасты.
Испанияның Севилья қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде командалар үш-үштен төрт топқа бөлініп, шеберлік байқасты. Қазақстан Словениядан қалып қойғанымен, өз тобында Аустралияны артқа тастап, екінші орынға ие болды. Сөйтіп, үздік сегіз команданың қатарына енді. Бірақ барлық құрамалардың көрсеткіштерін және бұрыннан жинаған ұпайларын есептегенде, қазақстандықтар 9-сатыға тұрақтады.
Қазақстан командасы Германия, Словакия, Румыния, Бельгия, Ұлыбритания, Польша секілді елдерді басып озды.
Қазақстан әйелдер құрамасы биылғы сәуірде өзінің ең үздік көрсеткіші – жетінші орынға көтерілген еді.
Әлемдік рейтингте биылғы Билли Джин Кинг кубогін өз тарихында алғаш рет жеңіп алған Канада көш бастады. Одан кейін Аустралия, Швейцария, Чехия, Италия, Франция, Испания, АҚШ, Қазақстан және Германия командалары орналасты.