Диас Досқараев: Ел құрамасы сапында ойнау үшін толық дайын болу керек

Диас Досқараев: Ел құрамасы сапында ойнау үшін толық дайын болу керек

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде өнер көрсеткен ел құрамасының ойынын қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform.

Әңгімесінің әлқиссасын Диас Досқараев Қазақстан теннис құрамасының жақсы ойыншылардан құралғанынан бастады. Шын мәнінде Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде әлемнің үздік деген теннисшілері бақ сынайды. 

Ол сөз арасында Қазақстан құрамасына сәттілік жетіспегнінде айтып қалды. Ең алдымен жарақатына байланысты бұл сында Елена Рыбакина ойнай алмағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Ленаның денсаулығы жақсы, өзі бабында болғанда, әлемнің кез келген теннисшісін жеңе алатынын жасырмады. 

«Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінен бастап жарақатпен алысқанын көрдік. Соның салдарынан Уимблдонда өткен жылғы атағын қорғай алмады. АҚШ-тағы жарыстар ойдағыдай нәтиже әкелмеді. Соған қарамастан, біз оның дайындығы үшін барлық мүмкін жағдайды жасадық. Өкінішке қарай корттың сапасы нашар болғандықтан, Мексиканың Канкун қаласында өткен WTA қорытынды турнирінде арқасынан жарақат алды. Лена Севильяға үлкен үмітпен келді. Дайындалды, бірақ оны ойынға қосу үшін 100 пайыз әзір болуы қажет еді. Әлемдік рейтингіде қанша жоғары тұрсаң да, толық дайын болмасаң, ойнай алмайсың. Командалар құрамына қарасақ, Ига Швентек, Джессика Пегула, Кори Гауфф, Каролина Мухова сияқты маңдайалды теннисшілер келген жоқ. Ал Рыбакина бізбен бірге болып қана қоймай, қосалқы құрамда кортқа шыққан теннисшілерімізді қолдап отырды», — деді Диас Досқараев. 

Оның мәлімдеуінше, Елена қашанда ел құрамасы үшін ойнауды басты міндет деп есептейді. Бұған өткен жылы Германиямен өткен матчта екі маңызды ұпайды командасына алып бергені дәлел. Соның арқасында Қазақстан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Биыл да Польшамен кездесуде дәл солай болды. 

Екінші жағынан, басқа теннисшілердің кортқа шығуына мүмкіндік берілді. Юлия Путинцева бірінші ракетка болса, Анна Данилина жекелей сында өнер көрсетті. Әрине, Рыбакина жетіспеді.<br />Сәттілік те қарсыластар жағында болды. Топтағы үш команданың ұпайлары бірдей болды. Тек қосымша көрсеткіштерді есептегенде, жартылай финалға шығу үшін Қазақстан құрамасына небәрі екі сет жетпей қалды. Сөйтіп, топта Словения жеңімпаз атанса, Қазақстан екінші, әлемнің жеті дүркін чемпионы, өткен жылғы финалист Аустралия үшінші орында қалды. Бұл бәсекелестіктің мықты екендігін көрсетеді. Өткен жылы Глазгода да сет айырмашылығынан Қазақстан жартылай финалдан тыс қалған еді. 

«Әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін оң өзгерістермен де ерекшеленді. Соңғы екі-үш жылда әлемдік рейтингіде жоғары көтеріліп келе жатқан Жібек Құламбаева алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазір Жібек жұптық сында әлемдік рейтингіде 149-орында. Словениямен матчта Анна Данилинамен бірге ойнаған Құламбаева өзін жақсы қырынан көрсетті.

Жібек пен Анна — біздің болашағымыз. Жібектің Team Kazakhstan академиясының түлегі екендігі қуантады. Осы академиядан түлеп ұшқан Аружан Сағындықова да құрамада болды. Бұл оның өз шеберлігін одан әрі жетілдіре түсуіне серпін береді», - деп түйіндеді ойын Диас Досқараев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или