Асылжан Бектай - ауыр атлетикадан Азия чемпионы

Асылжан Бектай - ауыр атлетикадан Азия чемпионы

Қазақстандық зілтемірші Асылжан Бектай Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 89 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

Қызылордалық спортшы жұлқа көтеруде 165 келімен күміс медаль алса, кейін 197 кг тасты серпе көтеріп, алтынға қол жеткізді. Жалпы есепте 362 килоны еңсерді. Күмісті Асылжаннан небәрі бір келіге қалып кеткен қырғыз Эмиль Молдодосов (361 кг) жеңіп алса, қола ирандық Масуд Шатраиге бұйырды (358 кг).

Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық Кирилл Староверкин жалпы есепте 330 келімен (153+177) 7-орынға тұрақтады.

Асылжан 2017 жылы Бангкокте (Тайланд) өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ол 2000 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 7 сыныптан бастап ауыр атлетика секциясына қатысып келеді. Бұған дейін жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионатының (2015, 2017 жж.) және Кубогының (2016 ж.) күміс жүлдесін иеленді. Ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері. Бапкері – Қалдыбай Тоқбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Манамада Зульфия Чиншанло жеңімпаз атанып, Арли Чонтей қола жүлдеге ие болған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или