Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елордалық кішкентай шахматшылармен кездесті
Жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева елордаға келді. Гроссмейстер Нұр-Сұлтан қаласының кішкентай шахматшыларымен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион атанған спортшыны кеше әуежайдан ҚР МСП Спорт комитеті, Қазақстан шахмат федерациясы өкілдері, жанкүйерлері, жас шахматшылар күтіп алған болатын. Бибісара 25-30 желтоқсан аралығында Польшадағы чемпионатқа қатысып, ел абыройын асқақтатты.
«Варшава қаласындағы турнир 5 күнге жалғасты. Рапидтен екінші орын, блицтен бірінші орынға қол жеткіздім. Бұл жарысқа өте тыңғылықты дайындалдым. Бұған дейінгі ең жоғарғы жетістігім 13 жасымда рапидтен 10-орын алғаным еді. Жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның гимні ойнағанда ерекше мақтаныш сезімінде болдым. Қазақстандық жанкүйерлердің қолдап жатқанына өте қуаныштымын», - деп алғысын білдірді Асаубаева.