Мариф Пираев: Қазақ жанкүйерлері секілді ешкім қолдау көрсете алмайды

Мариф Пираев: Қазақ жанкүйерлері секілді ешкім қолдау көрсете алмайды

Дағыстандық файтер Мариф Пираев былтыр Қазақстанда жекпе-жек өткізуі керек еді. «Пиранья» лақап атымен танымал файтердің қазақстандық Артем Резниковпен кездесуі өтпей қалды. Ал күзде ол Қуат Хамитовті жеңді. Мариф Пираев Prosports.kz сайтына берген сұхбатында (Cұхбат Қазақстанда Төтенше жағдай орнамай тұрып жазылған - авт.) жоспарымен бөлісіп, Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты. 

- Алматы қалай қарсы алды?

- Бұл Алматыға алғаш келуім емес. Бірнеше мәрте қонақ болғанмын. Бәрі жақсы, керемет. Өз үйімде жүргендей күйдемін. 

- Қазақстанда жанкүйерлер жекпе-жегіңізді тағатта күткен еді...

- Алматыда өткен NFC 35 турнирінде Артем Резниковпен күресуім керек еді. Өкінішке қарай, ол жарақат алып қалды. Сондықтан жекпе-жегімізді кейінге шегерді. Ең бастысы - денсаулық. Денсаулық жақсы болса, кез келген сәтте күресе аламыз. 

Өз басым бұл айқасқа дайынмын. Қай уақытқа қоймасын келісімімді беремін. Тек Артемнің жауабын күтеміз.

- NFC-мен бір жекпе-жекке келісімшартқа отырдыңыз ба?

- Иә, Артеммен греплингтен кездесуіміз керек. Оның қашан өтетінін басшылық шешеді.

- Қыркүйекте тағы бір қазақстандық файтер Қуат Хамитовпен кездесіп, оны жеңген едіңіз. Қарымта жекпе-жек өткізуге ұсыныс түссе келісесіз бе?

- Оған қарымта жекпе-жек өткізуге мүмкіндік беруге дайынмын. Екеуміз хабарласып, Қазақстанда жекпе-жек өткізу туралы сөйлескен едік. Бірақ артынша маған белгісіз бір себептер бойынша келіссөз тоқтап қалды. Жақында Қуат наурызда жекпе-жек өткізу туралы хабарлама жіберді. Жалпы, мен дайынмын. Тек оған дейін Нариман Аббасовқа қарсы титулдық жекпе-жекке ұсыныс болмаса болғаны. 

- Бірқатар қазақстандық файтермен октагонда кездесіп үлгердіңіз. Біздің файтерлердің қандай ерекшілігін байқадыңыз?

- Заманауи ММА жан-жақты дамып келеді. Соған сәйкес, Қазақстан файтерлері де жан-жақты дамыған. Соққылары да мығым, күреске де жақсы. 

- Қазақстан ММА-нің деңгейін қалай бағалайсыз?

- Қазіргі таңда қазақстандық файтерлердің деңгейі өсіп келеді. Жоғары деңгейде десем де болады. Маған Қазақстанда жанкүйерлердің спортшыларын қалай қолдайтыны ұнайды. Жалпы, Қазақстан ММА-ны қарыштап дамып келеді дей аламын.

- Сіздің Қазақстанда жанкүйерлеріңіз көп. Оларға айтарыңыз...

- Қазақстандағы жанкүйерлеріме қолдауларыңыз үшін алғысымды айтамын. Сіздер секілді ешкім қолдау көрсете алмайды. Ресейдегі турнирлерде Қазақстан мен Тәжікстанның жанкүйерлері спортшыларын мықты қолдайды. Сіздерден үйренетін нәрсе көп. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или