РПЛ-да ойнап жүрген Зайнутдинов пен Бахтияровтың құны өсті
Ресей Премьер-лигасында ойнап жатқан қазақстандық екі футболшының трансферлік құны өсті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, «Ростовта» ойнайтын Бахтиер Зайнутдиновтің бағасы – 1,7 миллион еуро. 2019 жылы жазда футболшы 1,2 миллионға бағаланған. Осылайша, жарты жылдың ішінде Бахтиердің бағасы жарты миллион еуроға өсіп отыр.
Осы маусымда Зайнутдинов «Ростов» сапында 11 матч өткізіп, үш гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанға.
«Сочи» сапында өнер көрсетіп жүрген Акмаль Бахтияров та қымбаттаған. Transfermarkt дерегіне сүйенсек, қазір футболшының трансферлік құны – 200 мың еуро. 2019 жылы шілдеде футболшының бағасы 125 мың еуро болған.
Әзірше 21 жастағы Акмальдің «Сочидегі» жағдайы мәз емес. Футболшы осы маусымда сочилік клуб сапында үш матч өткізді – екі ойын Ресей Премьер-лигасында және бір кездесу Ресей кубогында.