Жастар жылына арналған турнирге 250 оқушы қатысты
Жастар жылы аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Алматы қаласының 8 ауданынан ерлер мен қыздарынан құралған 18 мектептің командалары, 250 оқушы қатысқан Ректор Кубогына арналған «ABAI UNIVERSITY CUP» волейболдан қалалық турнирі өтті.
Дәстүрлі іс-шараның мақсаты жас волейбол сүйер оқушылардың спортқа деген ынта-жігерін қолдау мен отандық волейболдың маңыздылығын арттыруға бағытталды. Іс-шараны қолдауға Қазақстан Волейбол Федерациясы арнайы сыйлықтарымен және отандық волейболдың ардагерлер мамандары, әйгілі кәсіби спортшылар келді.
Турнирдің салтанатты ашылуына университет басшылығынан Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры, профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов, Қазақстан Волейбол Федерациясының атынан халықаралық дәрежедегі шебер, эксқазақстандық құраманың капитаны Житкеева Елена Павловна, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, университеттің Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі, профессор Ерғали Мухиддинұлы, университет ректорының Жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Мақсат Дөңесұлы Жақауов жарыс қатысушыларына өз лебіздерін білдірді.
Университеттің бірінші проректоры, профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы, өз сөзінде Елбасының жуырда Қазақстан жастарымен кездесуіндегі «спортпен шұғылданудың - денсаулықтың басты кепілі» деген жалынды пікірлерін айта келе, өскелең ұрпақтың денешынықтырумен, оның ішінде волейболмен айналысуы – салауатты өмір салтын жүргізуге, өмірлік биік жеңістерге жұмылдыратындығын жеткізді. Сонымен қатар, жастардың студенттік өмірлерінде елеулі ықпал ету үшін университет тарапынан Жастар жылында қолға алынған бастамалардың ерекше орын алатындығын айқындап өтті.
Турнир аудандардан іріктелген ерлер мен қыздардан құралған командалардың қатысуымен екі күн бойы олимпиадалық жүйемен жүріп, сөйтіп тартысты ақтық сайысқа ерлер тобынан №93 және №59 мектептер шықса, қыздар тобынан №137 мен №26 мектептері анықталды.
Турнирдің нәтижесінде, ресми турнир туралы мектеп оқушылары арасынан әлеуметтік желіде «үздік пост» номинациясын №26 мектептің оқушысы - Оңалбай Арайлым болды. Кездесулердің «үздік ойыншысы» №2 мектептің оқушысы - Розхан Нұржігіт және №7 Колинко Валерия мектептің оқушысы белгілі болды. Ал «үздік шабуылшы» ретінде №100 мектептің оқушысы Курчин Константин және №7 мектептің оқушысы Желтова Анастасия атанды. Жарыстың «үздік үйлестірушісі» болып №2 мектептің оқушысы Еркебай Әлішер мен №7 мектептің оқушысы Подымсая Милана анықталды.
Ал негізгі қатысушы мектептер ішінен жарыстан суырылып шыққан ерлер құрамасынан №100 және қыздар құрамасынан №61 мектептер үшінші орынды иеленсе, екінші орында ерлерден №93 және қыздардан №137 мектептердің айбынды құрамалары орнықты. Турнирдің жалпы қорытындысы бойынша, финалда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Ректорының кубогын ерлер құрамасынан №59 бен №26 қыздар құрамасынан мектептері үздік есептік көрсеткіштермен жеңіп шықты.
Қатысушы мектеп жастарына университет тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды, ал Қазақстан Волейбол Федерациясының атынан жоғары сапалы жүлделі кубоктармен, және барлық қатысушыларды арнайы медальдармен марапаттады.
Университет басшылығы аталған іс-шараны қолдауға атсалысқан әріптес БАҚ-на және волейбол жарысының жоғарғы деңгейінде өтуіне қолдау білдірген Қазақстан Волейбол Федерациясының президенті Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевқа ерекше алғысын білдіреді.