«Спорт менің ауламда» бағдарламасы аясында чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдері жалғасуда
«Спорт менің ауламда» бағдарламасы аясында бүгін Алматының алты ауданында спорттың бірнеше түрлерінен чемпиодндар лигасы іріктеу жарыстарының үшінші кезеңі өткізілді.
Жарыстар Алатау, Әуезов, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында бірдей ұйымдастырылды. Осы бағдарламаға қатысып жүрген балалар мен жасөспірімдер асық ату, шағын футбол, бұқа тартыс, секіру, арқан тарту, жеңіл атлетика, стритбол және тымақ ұру спорт түрлерінен бақ сынасты.
Жоғарыда аталып өткен әр ауданда 100-ден аса жеткіншек өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар атап өткендей, олар бұқа тартыс және тымақ ұру сияқты ұлттық спорт түрлерін енді танып білуде.
- Менің ойымша, біз балаларды спортқа, әсіресе, ұлттық спорт түрлеріне қызықтыру керекпіз. Көбісі осы жарыстардың арқасында қызықты ұлттық ойындармен танысуда. Бұқа тартыс арқан тартуға өте ұқсас болып келеді, алайда, бұл ойында бір адамнан бәстеседі. Ал тымақ ұру дәлдікті дамытады, өйткені, жабық көзбен дәл ұру өте қиын, - деп атап өтті жарыс төрешісі Нұрым Төре.
«Спорт менің ауламда» бағдарламасының арқасында жеткіншек достарымен бірге өз ауласында шынығып, спортпен шұғылдана алады. Ұйымдастырушылар айтып кеткендей, мұндай шаралар, марапаттау рәсімі мен жүлделер қатысушылардың ынталарын одан әрі арттыратыны сөзсіз. Бүгін де, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан диплом және медальмен марапатталды.
- Біз осында бапкерімізбен спортпен айналысамыз, түрлі ойындар ойнаймыз. Ал бүгін жарыс жолына басқа аула командаларымен шықтық. Біз бірнеше спорт түрлерінен бәстесіп, марапаттарға ие болдық. Алтынды арқан тартудан олжаладық. Біздің топ ең мықты болғанына аса қуаныштымын, - деп бөлісті жарыс қатысушысы Нұрдәулет Маханбет.
Аудандық кезеңнен өткен қатысушылар қалалық чемпиондар лигасы атты финалдық ойныдарда бәстесетін болады. Финалдық кездесулер желтоқсанның 16-17-сі күндері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің стадионында өтеді.
"Спорт менің ауламда" бағдарламасы осы жылдың басында қаланың 75 алаңында бастау алды. Білікті нұсқаушылар күнделікті өздерінің алаңдарында жаттығу өткізеді.