Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атануына көмектескен бапкерімен қоштасты
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Министрдің айтуынша, Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастап, Урмановпен ынтымақтастығын аяқтаған.
Мырзабосынов мемлекет Алексей Урмановтың еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтті. Кезінде өзі Олимпиада чемпионы атанған маман кейін тағы бір Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге үлес қосты. Соңғы үш жылда Шайдоровтың командасымен ауқымды жұмыс жүргізілді.
Министрлік Урманов алдағы уақытта да тәжірибесін қазақстандық спортшылардың жаңа буынымен бөліседі деп үміттенеді.
Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов жыл басынан бері Шайдоров 13 оқу-жаттығу жиынына қатысып, бірнеше жарыста өнер көрсеткенін айтты.
Министрдің сөзінше, мемлекет спортшыға қолдау көрсетуді жалғастырады. Олимпиада чемпионы ретінде Шайдоров жаңа бапкерлер штабын таңдауға, жаңа элементтерді меңгеруге және дайындық жоспарын өз қалауынша құруға құқылы.