«Қуаныш» супер камбэкпен «Берелді» жеңді
Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Бірінші жартылай финалда өткен жылғы ел чемпионы, биылғы суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан) командалары алаңға шықты.
Тұрақты чемпионатта сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар көштің алдын бермесе, «Тұран» (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) төртінші орынмен шектелген еді.
Бұл ойында «Жетісу» қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады — 3:0 (25:17, 25:14, 25:8). «Жетісудан» команда капитаны, ресейлік шабуылшы Мария Фролова, «Тұраннан» байланыстырушы Ирина Кузнецова үздік ойыншы атанды.
Екінші жартылай финалдық кездесуде «Қуаныш» (СҚО) пен «Берел» (Өскемен) шеберлік байқасты.
Юрий Панченко баптайтын солтүстікқазақстандықтар чемпионатты екінші орынмен аяқтаса, өскемендіктер (бас жаттықтырушы — сербиялық Владимир Васович) үздік үштікті түйіндеген еді.
Бұл жолы матчты қарқынды бастаған «Берел» (капитаны Ирина Малькова) бастапқы екі партияны өз есебіне жазды — 25:23, 25:21.
Есесіне үшінші сетте Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Сана Анарқұлова бастаған «Қуаныш» 9:2 есебімен алға кетіп, сол арынын жоғалтпады — 25:10. Төртінші кезеңде де «Қуаныштың» басымдылығы байқалды — 25:20.
Шешуші, бесінші сетте «Берел» 9:3, 12:5 есебімен алда тұрды. Соған қарамастан, «Қуаныш» супер камбэк жасай білді — 17:15. Қорытынды есеп — 3:2.
Сейсенбі күні командалар екінші жартылай финалдық матчын өткізеді. Екі жеңіске қол жеткізген клуб финалға жолдама алады.
Плей-офф кезеңінде 5-8 орындар үшін бәсекеде «Қарағанды» клубы «Астананы» қапы қалдырды — 3:0 (25:16, 25:15, 25:25:21). Ал ақтөбеліктер бес партияда «Алматыдан» айласын асырды — 3:2 (18:25, 25:16, 25:14, 20:25, 15:10).
Қазақстанда паделден халықаралық турнир өтеді
Шок мәлімдеме: Рахмонов балаларынан бас тартты ма?
Қазақстандық спортшылар Азия кубогы кезеңінде үш финалға жолдама алды