Өзбекстандық боксшы Қазақстан атынан шықты
Өзбекстанда чемпион атанған боксшы Саят Ильясов Қазақстан құрамасы сапында алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ол Ахмет Комертті еске алу турнирі аясында Стамбул қаласында рингке шықты. 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ильясов алғашқы кездесуінде түркиялық Айкол Мизанды 5:0 есебімен төрешілердің бірауыз шешімі арқылы жеңді.
Ширек финалда қазақстандық боксшы Қырғызстан өкілі Омар Ливазуды 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 5 сәуір күні ол өзбекстандық бұрынғы командаласы Илхомжон Эргашевпен кездеседі.
Саят Ильясов этникалық қазақ. Бұған дейін Өзбекстан намысын қорғап, 22 жасында Азия чемпионы атанған және IBA әлем чемпионаты-2025 турниріне қатысқан. 2026 жылдың басында спорттық азаматтығын ресми түрде ауыстырып, қазір Маңғыстау облысы мен Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп жүр.
Айта кетелік, халықаралық турнир 30 наурызда басталып, 5 сәуірге дейін жалғасады.
Төрехан Сабырхан жартылай финалға шықты