Царукян: «Бірін нокаутқа жібергеннен кейін, қалғандары қорқып кетті»
UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған Арман Царукян октагоннан тыс өміріндегі ең қауіпті жағдайлардың бірі туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның сөзінше, бұл оқиға Эстония қалаларының бірінде болған. Царукян досымен бірге ескі қаланы аралап жүргенде, оларға мас адамдар тиісіп, арты төбелеске ұласқан.
Жекпе-жекке қарсы тараптан алты-жеті адам қатысқан. Алайда Арман мен оның досы (тай боксымен айналысқан) шегінбей, қарсы тұрған.
«Бірін нокаутқа жібергеннен кейін, қалғандары қорқып кетті. Олар біздің бәрін құлататынымызды түсінді» деді ол.
Сондай-ақ, ол кезде өзінің әлі танымал болмағанын айтып, жағдайдың ауыр салдарға әкелмегеніне қуанышты екенін жеткізді.
Айта кетелік, Арман Царукян UFC-дегі ең мықты жеңіл салмақтағы файтерлердің бірі. Оның еншісінде 23 жеңіс және 3 жеңіліс бар. Соңғы жекпе-жегінде ол Дэн Хукерді тұншықтыру әдісімен жеңген.