Қазақстан Дакардағы тарихи Олимпиадаға жолдама алды
Қазақстан құрамасы 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазіргі таңда 18 қазақстандық спортшы 11 спорт түрі бойынша жолдама алып отыр.
Бұл жолдамалар әзірге атаулы емес. Қатысушылардың нақты тізімі ұлттық федерациялар бекіткеннен кейін анықталады. Олимпиадалық жолдамаларды бөлу 1–6 сәуір аралығында жүргізіліп, кейін 23 мамырға дейін қайта үлестіріледі.
Аталмыш дода 31 қазан мен 13 қараша аралығында Дакар қаласында өтеді. Бұл тарихтағы Африка құрлығында ұйымдастырылатын алғашқы Олимпиада болмақ. Жарыстар Дакармен қатар Диамниадио және Сали қалаларында да ұйымдастырылады.
Айта кетелік, 200-ден астам елден шамамен 2700 спортшы қатысып, 25 спорт түрі бойынша 153 медаль жиынтығын сарапқа салады. Турнирге 15 пен 18 жас аралығындағы жас спортшылар қатысады.
Қазақстаннан 18 спортшы 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына шақырту алды