ҰОК Eco Athlete жобасы іске қосылғанын мәлімдеді
Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті спорт арқылы экологиялық мәдениетті дамытуға және спорттық ортаға тұрақты даму қағидаттарын енгізуге бағытталған Eco Athlete жобасын бастады.
Жоба Халықаралық Олимпиадалық комитеті және Азия Олимпиадалық кеңесі қолдауымен жүзеге асырылуда және тұрақты даму негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген 2020+5 Олимпиадалық күн тәртібі қағидаттарына сәйкес келеді. Қазақстан ҰОК бұл жобаның ұлттық деңгейдегі бастамашысы әрі үйлестірушісі болып табылады.
Eco Athlete жобасы спортты заманауи халықаралық және ұлттық тәсілдерге сай дамытуға ұмтылысты көрсетіп, оларды күнделікті спорттық және білім беру тәжірибесіне енгізуді көздейді.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — спортшы-амбассадорлар желісін қалыптастыру. Олар жеке үлгісі және мектеп оқушыларымен жұмыс істеу арқылы экологиялық жауапкершілік пен тұрақты әдеттерді насихаттайды.
Жоба спортшылар мен жастарды ортақ бастамалар аясында біріктіріп, тәжірибе арқылы экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобаның ресми ашылуы елордадағы №101 мектепте өтіп, Халықаралық қалдықсыз күнге орайластырылды. Алғашқы іс-шараға семсерлесуден әлем чемпионатының қола жүлдегері Руслан Курбанов, әйелдер күресінен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова және фристайл-акробатикадан әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Жанбота Алдабергенова сынды спортшы-амбассадорлар, сондай-ақ орта буын оқушылары қатысты.
Іс-шара аясында экологиялық тапсырмалардан тұратын эко-спорттық эстафета өтті. Қатысушылар ойын форматында қалдықтарды сұрыптап, жинап, пайдалы экологиялық дағдыларды бекітті. Жиналған барлық материалдар қайта өңдеуге жіберілді.
Практикалық тәсіл — Eco Athlete жобасының негізі. Жоба жастарды экологиялық бастамаларға тарту арқылы пайдалы әдеттерді қалыптастырып, қоршаған ортаға саналы көзқарасты дамытуға көмектеседі.
2026 жылы жобаны кеңейту жоспарланған: мектеп оқушыларымен жаңа кездесулер, білім беру бағдарламалары және STEAM бағытындағы қолданбалы бастамалар жүзеге асырылады.
Жобаның маңызды элементтерінің бірі — Train for Trees науқаны. Қатысушылар өздерінің физикалық белсенділігін тіркеп, еңсерілген әрбір шақырым бір отырғызылған ағашқа теңестіріледі.
Кеңейтілген бағдарлама аясында оқушылардың экологиялық жобаларын таныстыру да қарастырылған.
«Біз спортты Олимпиадалық қозғалыстың заманауи басымдықтары мен ұлттық күн тәртібін ескере отырып дамытып келеміз. Eco Athlete осы қағидаттарды тәжірибеге енгізіп, экологиялық жауапкершілік спорт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналатын орта қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев.
Жоба халықаралық экологиялық күнтізбемен үйлестірілген ұзақ мерзімді платформа ретінде құрылып, бастамалардың жүйелі жүзеге асырылуын және қатысушылардың тұрақты белсенділігін қамтамасыз етеді.